Бангладештің оңтүстік-шығысындағы Кокс-Базар ауданындағы рохинджа босқындары лагерінде муссондық жаңбырдан туындаған жер көшкіні ислам мектебін басып, кемінде бес бала қаза тапты, деп хабарлады өрт сөндіру қызметінің өкілі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Associated Press басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Лагерьде 1 миллионнан астам босқын тұрады. Өрт сөндіру және азаматтық қорғау қызметінің жергілікті басшысы Доллар Трипураның айтуынша, жер көшкіні балалар сабаққа отырған кезде болған.
Трипура тағы бес жарақат алған баланы құтқарғанын, бірақ одан да көп адам көміліп қалуы мүмкін екенін айтты.
Құтқару жұмыстары сәрсенбі күні кешке дейін жалғасты.
Үш күн бұрын осы аймақтағы рохинджа лагерлерінде жер көшкіні салдарынан кемінде сегіз адам қаза тапқан болатын.
Оңтүстік Азия елінің астанасы Дақкадағы ауа райы бюросы алдағы күндері тағы да жаңбыр жауатынын болжады.
Билік босқындарды қауіпті төбелі аймақтардан көшіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын және 1000-нан астам адам қазірдің өзінде көшірілгенін хабарлады. Олардың айтуынша, босқындар ескертулерге қарамастан, жиі уақытша баспаналарын тастап кеткісі келмейді.
Бангладеш халықаралық қоғамдастықты босқындарды Мьянмаға репатриациялауға көмектесуге шақырып келеді, бірақ бұл процесс тоқтап тұр.
