Балқаштағы екінші АЭС құрылысы бойынша келіссөз жүргізіліп жатыр. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты, деп хабарлайды Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап.
Бірінші АЭС-ты ресейлік «Росатом» компаниясы салады. Ал екінші станцияны Қытай салуы мүмкін.
«Қазіргі кезде бұл мәселе Қытайдың ұлттық атом компаниясымен пысықталып жатыр. Жобаның және келісімнің негізгі көрсеткіштерін, сондай-ақ мерзімін талқылап жатырмыз. 2035 жылға дейін жобалар аяқталуы қажет», — деді Ақкенженов үкіметтегі брифингте.
Айта кетері, Тоқаев биылғы жолдауында «Балқаш» және «Мойынқұм» атом электр станцияларының құрылысына қатысты тапсырма берген болатын.
