Балқашта туған қызынан алимент талап еткен зейнеткердің өтініші қанағаттандырылған жоқ. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Сот материалдарына сәйкес, зейнеткер қызынан ай сайын өз күтіміне 10 АЕК (2026 жылда - 43 250 теңге) мөлшерінде алимент өндіріп алуды талап етті. Айтуынша, күнделікті тұрмысқа және дәрі-дәрмек сатып алуға қаражат қажет. Ал туған қызы материалдық көмек көрсетпейді.
Заң бойынша кәмелетке толған балалар еңбекке жарамсыз және көмекке мұқтаж ата-аналарын асырауға міндетті. Алайда қалалық сот талап қоюшының ай сайын 128 229 теңге көлемінде зейнетақы алатынын, сондай-ақ оның екі қабатты тұрғын үйі мен Mitsubishi Montero Sport автокөлігі бар екенін анықтаған.
Туған қызы болса, жалғыз өзі екі баланы асырып отыр. Сатушының көмекшісі ретінде айына 85 мың теңге жалақы алады.
Сотта зейнеткер үздіксіз күтімді қажет ететінін немесе қолындағы қаражаттың негізгі өмірлік қажеттіліктерін өтеуге жеткіліксіз екенін растайтын құжат көрсеткен жоқ. Сонымен қатар оған ұлының материалдық көмек көрсететіні анықталған. Ал зейнетақы мөлшері ең төменгі жалақыдан жоғары, - дейді сот.
Сот зейнеткердің арызын қанағаттандыруға негіз жоқ деген қорытындыға келген. Балқаш тұрғыны апелляциялық шағым түсірмеді.
