Ішкі істер министрлігі Балқаш көліне көлікпен кірген жүргізушінің қамауға алынғанын хабарлады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін әлеуметтік желіде көлдің жағалауымен жүрген Mercedes-Benz көлігінің видеосы тараған болатын. Сол кезде суда балалар да шомылып жүрген.

Полиция бұл оқиғаның Алматы облысы Жамбыл ауданында болғанын анықтады.

Халыққа қауіп төндірген 40 жастағы жүргізуші ұсталды. "Ол өз әрекетімен айналасындағылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген. Құқық бұзушы Тараз қаласының тұрғыны Нұрлан Исаев болып шықты. Сот шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды", - дейді полицейлер.

Полиция демалыс орындары қауіпті ойын-сауықтың орны емес екенін ескертеді. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін кез келген әрекетке қатаң тосқауыл қойылып, кінәлілер заң алдында жауап береді.