Биыл Қазақстанда 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады. Осындай маңызды әрі жауапты кезеңде ата-аналардың көбі балаға қажетті оқу құралдарын алып берумен міндетіміз аяқталды деп ойлайды. Алайда баланы бірінші сыныпқа бермес бұрын оны психологиялық тұрғыда дайындау да аса маңызды. Себебі баланың жаңа ортаға тез әрі сәтті бейімделуі осыған тікелей байланысты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мектеп туралы жағымды түсінік қалыптастыру
Психолог Әйгерім Дәулетқызының айтуынша, алдымен баланың санасында мектеп туралы жағымды әрі қызықты түсінік қалыптастыру қажет. "Оған мектепті көптеген жаңа нәрсені білуге, жақсы достар табуға және қызықты дүниелерді үйренуге болатын керемет орта ретінде суреттеп беріңіз. Баланы қорқытып-үркітуден және оны басқа балалармен салыстырудан аулақ болыңыз. Өзіне сенімді, бойында қорқынышы жоқ бала жаңа ортаға әлдеқайда жеңіл бейімделеді", – дейді Дәулетқызы.
Баланың өзіне деген сенімін арттыру үшін "Сенің қолыңнан міндетті түрде келеді!", "Біз саған сенеміз!", "Егер бірдеңе ойдағыдай болмай қалса, біз оны міндетті түрде бірге шешеміз" деген сөздерді айтып отырған жөн. "Баланы дербестікке, өздігінен әрекет етуге баулыңыз. Бұл қасиет оның мектепте өзін еркін әрі сенімді сезінуіне көмектеседі", – деп атап өтті психолог.
Бала 1-сыныпқа дейін нені білуі керек?
Мектепке баратын бала бірнеше маңызды әрекетті өздігінен орындай алуы керек. Атап айтқанда:
- 01өз бетінше киініп, аяқ киімін кие алу;
- 02өз заттарын жинақы ұстау;
- 03ересектердің көмегімен мектеп сөмкесін жинау;
- 04жеке гигиена ережелерін сақтау;
- 05өз жұмыс орнын жинап, тазалықты сақтау.
Баланы дұрыс қарым-қатынас құруға және достасуға да үйреткен дұрыс. Ол сыныптастарымен қалай танысу керектігін, мұғалімге сыпайы тіл қатуды, қажет кезде көмек сұрауды, келісімге келуді және кішігірім келіспеушіліктерді сабырмен шешуді білуі керек.
"Ештеңе етпейді" деп айта бермеңіз
Балаға өз сезімдерін түсінуге көмектесу де маңызды. Ол қуаныш, уайым, ашу сияқты эмоциялары туралы ашық айта алса, ішкі қобалжуымен оңайырақ күреседі. "Егер бала мектепке барар алдында қобалжыса, оған: "Қорықпа", "Ештеңе етпейді", "Бәрі де бір кездері бірінші сыныпқа барады ғой" деп айтудың қажеті жоқ. Оның орнына: "Сен бір нәрсеге уайымдап тұрсың ба?", "Сені не мазалап тұр?", "Мен саған қалай көмектесе аламын?" деп сұраған абзал. Жайбарақат, байсалды әңгіме алаңдаушылықты сейілтуге жақсы көмектеседі", – дейді психолог Әйгерім Дәулетқызы.
Бұдан бөлек, бала жеке шекарасын қорғай білуі керек. Негізгі ережелер:
- 01ешкімнің оған тиісіп, ренжітуіне жол бермеу;
- 02мазаққа немесе қорқытуға төзбеу;
- 03кез келген уақытта мұғалімнен немесе ата-анасынан көмек сұрауға болатынын білу;
- 04жағымсыз жағдайларда батыл түрде "Жоқ!" деп айту қалыпты екенін түсіну.
Бала ересектердің кез келген уақытта оған көмекке келіп, қорғауға дайын екеніне нық сенімді болуы керек.
Мектеп режиміне қалай үйрету керек?
1 қыркүйекке 2-3 апта қалғанда баланы біртіндеп мектеп режиміне үйреткен дұрыс:
- 01баланы ертерек жатқызу;
- 02таңертең мектепке баратын уақытқа сәйкес ояту;
- 03тамақтану режимін сақтау;
- 04сабақ оқу мен демалысты кезектестіріп отыру.
Мұның барлығы баланың ағзасының мектеп кестесіне жеңіл әрі тез бейімделуіне көмектеседі. Сондай-ақ баланың білімге деген қызығушылығын қолдап отырған жөн. "Баламен бірге кітап оқыңыз, балаларға және отбасына арналған фильмдер көріңіз, оқыған және көрген дүниелеріңізді талқылаңыз, үстел ойындарын ойнаңыз, қоршаған ортаны тани отырып, бірге серуендеңіз", – деп атап өтті психолог.
Басты мақсат – баланы қандай да бір іспен күштеп айналысуға мәжбүрлеу емес, оның бойындағы жаңа нәрсені танып-білуге деген табиғи құштарлығын сақтап қалу.
Қателік жасауға болады
Баланың қателікке деген дұрыс көзқарасын қалыптастыру да аса маңызды. Балаға қателесу оқу процесі мен жалпы өмірдің заңды әрі табиғи бөлігі екенін түсіндіру керек. Сонда ол сабақта жауап беруге немесе жаңа нәрсені байқап көруге қорықпайды.
Оқу жылы басталар алдында баланың экран алдында өткізетін уақытын шектеген дұрыс. Телефон, планшет және теледидарға бөлінетін уақытты біртіндеп азайтуға болады. Гаджеттердің орнына уақытты мынадай пайдалы істерге арнауды ұсынуға болады:
- 01серуендеу;
- 02үстел ойындарын ойнау;
- 03шығармашылықпен айналысу;
- 04кітап оқу;
- 05отбасымен бірге уақыт өткізу.
Мұның барлығы баланың зейінін, есте сақтау қабілетін және ұйқы сапасын жақсартуға көмектеседі.
Зейінді дамыту жолдары
Мектепке дейін баланың зейіні мен табандылығын дамыту қажет. Ол үшін күн сайын 15-20 минут бойы нақты бір іспен айналысуға дағдыландырған жөн:
- 01сурет салу;
- 02ермексаздан мүсін жасау;
- 03құрастыру;
- 04пазл жинау;
- 05дауыстап кітап оқу.
Бұл дағдылар баланың 1-сыныптағы оқуын едәуір жеңілдетеді.
Цифрлық қауіпсіздікті де естен шығармаған абзал. Бала бейтаныс адамдарға жеке ақпаратын бермеу, белгісіз сілтемелерге өтпеу сияқты негізгі ережелерді білуі керек. Ал интернеттегі қандай да бір нәрсе оны ұялтса, мазасын қашырса немесе қорқытса, бұл туралы дереу ересектерге айтуы қажет.
Негізгі мәселелер
Әйгерім Дәулетқызының айтуынша, алғашқы оқу жылында баланы хат тануға және мүдірмей оқуға мінсіз дайындағаннан гөрі, оның жан дүниесінің жайлылығы мен эмоционалдық әл-ауқатына көңіл бөлу әлдеқайда маңызды. "Мектеп ортасына бейімделуге психологиялық тұрғыдан толық дайын бала дегеніміз – бәрінен жылдам оқитын немесе күрделі есептерді оңай шығаратын бала емес. Бұл – өзіне сенетін, өзгелермен тез тіл табыса алатын, өз сезімдерінің құнды екенін түсінетін, қателік жіберуден қорықпайтын және үлкендердің жылы демеуін әрдайым сезінетін бала", – дейді психолог.
Осы орайда бірнеше маңызды мәселеге мән берген жөн:
- 01баланы өздігінен әрекет етуге және жауапкершілік алуға баулу;
- 02құрдастарымен де, үлкендермен де ашық әрі еркін тіл табыса білуіне жағдай жасау;
- 03күн тәртібін сақтап, толыққанды тынығуын қамтамасыз ету;
- 04гаджеттерді шектен тыс қолданбауын қадағалау;
- 05есте сақтау және өзін-өзі бақылау қабілеттерін дамыту.
Ал ата-ананың мұғалімдермен тұрақты байланыста болуы баланың жаңа ортаны жатырқамай, оған тез бейімделуіне септігін тигізеді.
