AB Restaurants компаниясы, аттас мейрамхана желісін басқаратын ұйым, 2025 жылға өз директорының сыйақы мөлшерін ашық жариялады. Қазақстан қор биржасына (KASE) жіберілген хабарламаға сәйкес, бұл мақсатқа 8,53 млн теңге қарастырылған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Компанияда бұл сомаға тек басшының жалақысы ғана емес, сонымен қатар ішкі құжаттарда көзделген басқа да төлемдер кіретінін нақтылады. Сондай-ақ оған салықтар, әлеуметтік аударымдар және басқа да міндетті төлемдер кіреді.
Айта кету керек, компания директоры оның тең иесі — Асқар Байтасов болып табылады. Бір қызығы, компанияның алдыңғы жылдардағы корпоративтік хабарламаларында басшының сыйақы мөлшері туралы ақпарат ашылмаған. Дегенмен, бұл жұмысты өте жоғары табысты деп атауға болмайды – айына орта есеппен 708,3 мың теңге төлем туралы сөз болып отыр.
AB Restaurants қазақстандық кәсіпкер Асқар Байтасов пен оның әпкесі — Дина Байтасоваға тиесілі. Холдинг ел бойынша 50-ден астам мейрамхананы басқарады. 2024 жылы компания 914 млн теңге пайда тапты.
Қазақстанның ең бай азаматтары рейтингінде Байтасов $112 млн активтерімен 68-орында тұр. Ол сондай-ақ abr+ қосымшасын әзірлейтін ABR Tech компаниясына иелік етеді. 2025 жылдың басында бизнесмен abr+ компаниясындағы 5% үлесін RBK Bank-ке сатты.
Өткен жылдың күзінде AB Restaurants алғаш рет қарыз нарығына шығып, KASE-де екі жылдық облигацияларды 2 млрд теңгеге, жылдық 21,75% кірістілікпен орналастырды.
Бұған дейін компания Auyl мейрамхана жобасын АҚШ нарығына шығару жоспары туралы да хабарлаған болатын.
