Байқоңырда «Халықтар достығы» фестивалі өтті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Дәстүр бойынша, фестиваль «Достық шеруімен» басталды. Мерекелік шеруде түрлі ұлттардың киімдерін киген жиырма бір команда орталық алаң арқылы салтанатты түрде жүріп өтті.
Байқоңыр әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин фестивальдің маңызын атап өтті: «Міне, тоғызыншы жыл қатарынан біз ортақ адамзат тарихымыздың қаншалықты бай екенін бір-бірімізге және өзімізге көрсету үшін осы алаңға жиналып отырмыз. Бүгін Мексика, Үндістан және Жапонияның алғаш рет қатысып жатқанын көріп тұрмын. Бұл біз үшін шынымен де қуанышты әрі қызықты жайт. Баршамызға, әсіресе жас буынға осы халықтардың тарихы мен мәдениетін тереңірек тануға мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді».
Фестивальге қатысушылар қол ұстасып, әлем халықтарының бірлігін, өзара түсіністігін және тату көршілік қарым-қатынасын бейнелейтін «Достық шеңберіне» қосылды.
Іс-шара Байқоңыр қаласы әкімшілігінің баспасөз қызметінің фотосуреттерімен безендірілген.
