Байқоңырда полиция қызметкеріне қарсылық көрсетіп, оны жарақаттаған 17 жастағы жасөспірімге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Прокуратураның хабарлауынша, оқиға қалалық саябақтардың бірінде болған. Патрульдік полиция мас күйде жүрген жасөспірімді тоқтатқан.
Алайда ол тәртіп сақшыларының заңды талабына бағынбай, оларды балағаттап, ұсталу кезінде қарсылық танытқан. Жанжал барысында жасөспірім полицейлердің бірін санынан тістеп алған.
Қазіргі уақытта ол билік өкілдерін көпшілік алдында қорлады және полиция қызметкеріне күш қолданды деген күдікке ілінді. Қылмыстық істі «Байқоңыр» кешеніндегі Ресей Тергеу комитеті тергеп жатыр.
