Қазақстандық грек-рим күресшісі Бағдат Сабаз Астанада өтіп жатқан әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды. 67 кг салмақ дәрежесінде үшінші орын үшін белдесуде ол ОИ-2024 қола жүлдегері және әлемнің екі дүркін вице-чемпионы әзірбайжандық Хасрат Джафаровты 8:5 есебімен жеңді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сабаз медаль үшін күресті жұбаныш раунды арқылы жалғастырды. Алдыңғы күні ширек финалда қазақстандық Иранның олимпиада чемпионы және қазіргі әлем чемпионы Саид Эсмаилиге 2:7 есебімен жол берді. Ирандықтың финалға шығуы Сабазға жұбаныш торына түсуге мүмкіндік берді.

Бүгін, 27 қазанда қазақстандық қытайлық Цзинь Синьсиньді 8:5 есебімен жеңіп, қола үшін күресу құқығына ие болды. Шешуші белдесуде Сабаз Джафаровтан да басым түсті.

Сабаздың қоласы Қазақстанның грек-рим күресі құрамасының өз алаңындағы әлем чемпионатындағы үшінші медалі болды. Бұған дейін 55 кг салмақта Исхар Курбаев және 60 кг салмақта Айдос Султанғали үшінші орындарды иеленген болатын.

Грек-рим күресінің қорытынды салмақ дәрежелерінде өнер көрсеткен қалған қазақстандықтар медальға қол жеткізе алмады. Мейрамбек Айнағұлов (63 кг) украиналық Максим Люге 7:9 есебімен жол берді, Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) армениялық Геворг Тадевосянға 1:4 есебімен жеңілді.

Жұбаныш торы арқылы қолаға мүмкіндік сақтаған Олжас Сырлыбай (130 кг) қытайлық Цзян Вэньхаоға 0:2 есебімен жеңіліп, турнирдегі өнерін аяқтады.

Иран грек-рим күресі бойынша бейресми медаль есебінде төрт алтын, үш күміс және екі қола жүлдемен бірінші орынды иеленді. Екінші орынды екі алтын және бір күміспен Әзірбайжан алды.

Беларусь бір алтын және екі қола медальмен үшінші орында тұр. Армения мен Болгария бір-бір алтын және бір-бір қола жүлде алып, төртінші орынды бөлісті.

Қазақстан жарысты үш қола жүлдемен аяқтап, Грузиямен 12-орынды бөлісті.

Сондай-ақ бүгін әйелдер арасындағы турнир басталды. Қазақстандық Зейнеп Баянова мен Нилуфар Раимова қола жүлделер үшін таласады.

Күрестен әлем чемпионаты Астанада «Барыс Аренада» 24 қазаннан 1 қарашаға дейін шамамен 100 елден келген 900-ге жуық спортшының қатысуымен өтіп жатыр. Қазақстан ересектер арасындағы әлем біріншілігін 2019 жылдан бері алғаш рет қабылдап отыр. Біздің құрама 30 атлеттен тұратын толық құраммен өкілдік етуде.