Шарджадағы жалдамалы пәтерден табылған екі қазақстандық әйелдің қазасына қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Қаза болғандар 20 және 22 жастағы туған әпкелер Жұлдыз бен Ақжан Бохановтар екені анықталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қыздардың туыстарының айтуынша, олар БАӘ-ге 2025 жылдың желтоқсанында жұмыс істеу үшін келген және сұлулық салонында жұмыс істеген. Денелері табылғанға дейін шамамен 10 күн бұрын олар байланысқа шықпай қойған.
Қыздардың ата-анасына жіберген соңғы хабарламасы қысқа болған.
«Сәлем, мама, бізде барлығы жақсы, простыла, тамағым ауырып тұр, кейінірек хабарласамын», — деген дауыстық хабарлама жіберген қызы.
Қаза болғандардың әкесі Мейрам Боханов қыздарына жіберген хабарламалары оқылғанын, бірақ жауап алмағанын айтты.
«Дүйсенбіде жазамын — оқиды, бірақ жауап жоқ. Бізге әзірге денелерін бермейді. Бір апта қарастырылады деді. Көмек сұрап отырмыз, тезірек болуын өтінеміз. Оларды жерлеу керек қой. Олар сонда қанша жатты... Мен оларды осында қайтарып, адамша жерлемін», — деді ол.
Жұлдыз бен Ақжанның бұған дейін де БАӘ-ге жұмыс істеуге барғаны белгілі болды, сондықтан отбасы олар үшін алаңдамаған. Бұл жолы әпкелер ақпан айында Қазақстанға оралуды жоспарлаған, алайда Таяу Шығыстағы қақтығыстың өршуіне байланысты оралуды қыркүйектің басына ауыстырған.
Қаза болғандардың әпкесі Менсұлу Боханованың айтуынша, қыздар елде туристік визамен болмағандықтан, эвакуация кезінде бірден кете алмаған.
«Алдымен туристерді эвакуациялады, бір аптаға кетті. Ал олар желтоқсаннан бері сонда болды, оларға құжаттарды рәсімдеу керек болды. Бірден кете алмады. Бірақ үйге қайтқысы келді. Мен ақша керек пе, бәрі жақсы ма деп сұрадым. Бәрі жақсы болды. Себебі не болуы мүмкін екенін білмеймін», — деді ол.
Қыздардың өлім жағдайлары әзірге ашылмай отыр. Туыстарына денелерінде зорлық-зомбылық іздері табылғаны туралы да хабарланған жоқ. Отбасы әпкелерді өлтірген болуы мүмкін деп санайды. Расталмаған ақпарат бойынша, күдікті ұсталған, алайда бұл ресми түрде расталмаған.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі тергеуді БАӘ құқық қорғау органдары жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
«Қазақстанның Дубай қаласындағы Бас консулдығы қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетуде. Жергілікті билік органдары болған оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр және тергеу мүддесіне орай ақпаратты жария етпейді», — деп хабарлады ҚР СІМ.
Қаза болғандардың әкесі Астанадан Эмираттарға ұшып кетті. Туыстықты растау үшін оған ДНК-тест тапсыру керек. Осыдан кейін ол қыздарының денелерін алып, жерлеу үшін Қазақстанға жеткізе алады.
