Азия Олимпиада кеңесінің (АОК) делегациясы 2029 жылы өтетін X қысқы Азия ойындарына дайындық барысын тексеру мақсатында Алматыға инспекциялық сапармен келді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Делегация құрамына Азия Олимпиада кеңесінің спорт, медиа, ақпараттық технология және даму бағдарламалары бағыттарына жауапты басшылары мен мамандары кірді. Сапар аясында Алматының Азия ойындарына дайындық барысына арналған жұмыс кездесуі өтіп, одан кейін делегация қаланың негізгі спорт нысандары мен қонақ үй инфрақұрылымымен танысты.
Азия Олимпиадалық кеңесінің өкілдері Halyk Arena, Almaty Arena, "Медеу" биік таулы спорт кешенін, "Шымбұлақ" тау курортын, "Сұңқар" халықаралық шаңғы трамплиндері кешенін, Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайын, сондай-ақ жарысқа қатысушылар мен ресми тұлғаларды орналастыру жоспарланған бірқатар қонақ үйді аралап көрді.
Инспекциялық сапар Алматының 2029 жылғы X қысқы Азия ойындарын өткізуге дайындық жұмыстарының кезекті кезеңі болды.
