Туризм және спорт министрлігі Азия ойындарында Қазақстанның Туын алып шығатын спортшыларды анықтады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Туризм және спорт министрлігінің басшысы Ербол Мырзабосынов XX жазғы Азия ойындарының алдында ұлттық құрама спортшыларымен кездесті.
Қазіргі кезде Қазақстан делегациясының шамамен 80 пайызы Жапонияда жүр.
Себебі биыл ұлттық құраманы даярлау жүйесіне жаңа тәсіл енгізілді.
Оған сәйкес, оқу-жаттығу жиындарының едәуір бөлігі тікелей Азия ойындары өтетін елде ұйымдастырылады.
"Бұл шешім спортшылардың жарыс басталғанға дейін алдын ала жергілікті жағдайға бейімделуі, уақыт белдеуіне, климаттық жағдайларға және жарыс ортасының ерекшеліктеріне үйренуі үшін қабылданды. Сонымен қатар Жапонияда спортшылардың дайындығы тексеріліп, жарыстар алдындағы жаттығу жүктемелеріне қажетті түзетулер енгізіледі", - дейді министрлік мамандары.
Жақында қалған командалар Жапонияға аттанып, Қазақстан делегациясының негізгі бөлігіне қосылады.
