Қазақстандық ММА шебері Еркінғали Бүркіталин XX жазғы Азия ойындарында чемпион атанды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгін аралас жекпе-жектен Азия ойындарының финалдық бәсекелері өтіп жатыр. Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің хабарламасында аталған ақпарат жарияланды.
«Қазақстандық Еркінғали Бүркіталин 77 келіге дейінгі салмақтағы финалда бахрейндік Мұхаммед Нәбиевпен кездесіп, 3:0 есебімен жеңіске жетті», — делінген хабарламада.
ММА Жапонияда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізілді.
Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынында Азия ойындарының 5 алтын медалі бар.
XX жазғы Азия ойындары 4 қазанға дейін жалғасады.
Қазақстан ұлттық құрамасының сапында 558 спортшы бар. Олар жарыс бағдарламасындағы 35 спорт түрінен жүлдеге таласады.
