Астанадағы Триатлон паркінде 20-21 маусым күндері Asia Triathlon Cup Astana 2026 халықаралық турнирі өтеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ауқымды жарысқа әлемнің үздік триатлоншылары мен Қазақстанның әр өңірінен келген спорт әуесқойлары қатысады. Қазіргі уақытта жарысқа әлемнің 20 елінен 270-тен астам спортшы тіркелген. Қатысушыларды тіркеу әлі де жалғасып жатыр.

"Байрақты бәсекеде Қазақстан, Әзербайжан, Австрия, Бангладеш, Бруней, Гуам, Индонезия, Иран, Жапония, Ливан, Люксембург, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірліктері, Палестина, Ресей, Словакия, Түркия, Өзбекстан, Финляндия және Чехия елдерінің өкілдері бақ сынайды", - деп жазылған хабарламада.

Халықаралық турнир Elite, Junior, Age Group және паратриатлон санаттары бойынша өтеді. Жарыстың төрешілер құрамына техникалық делегат, оның көмекшісі, бас төреші және жарыстың халықаралық стандарттарға сай өтуін қамтамасыз ететін 20-дан астам төреші мен ассистент кіреді.

Астанада Азия кубогы кезеңін өткізу отандық триатлонды дамытуға, оны халықаралық олимпиадалық жүйеге кіріктіруге, төрешілер мен жаттықтырушылардың біліктілігін халықаралық талаптарға сәйкестендіруге, сондай-ақ Қазақстан құрамасының халықаралық аренадағы бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал етеді.