Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Азия даму банкінің (АДБ) Оңтүстік, Орталық және Батыс Азия бойынша вице-президенті Инмин Янг бастаған делегациямен кездесу өткізді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесу барысында тараптар бірлескен жұмыстың ағымдағы нәтижелері мен елдің медициналық инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы одан әрі ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Кездесудің негізгі тақырыбы көпбейінді университеттік ауруханалар салу бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) және концессия жобаларын іске асыру болды.
"Атап айтқанда, Қарағанды қаласында 300 төсектік нысанның қазіргі жағдайы, сондай-ақ Ақтөбе және Семей қалаларында осындай нысандар салу жөніндегі инвестициялық ұсыныстарды әзірлеу мәселелері қаралды", - деп жазылған хабарламада.
Тараптар ынтымақтастық тетіктерін және жобаны іске асыру үшін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру мәселелерін талқылады.
