Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия даму банкінің басшысы Масато Канданы қабылдады. Кездесуде банк Қазақстандағы жаңа стратегиялық жобаларды қаржыландыруға дайын екені белгілі болды, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы АДБ-ның 30 жыл ішінде елімізге 7 миллиард доллардан астам қаражат бөліп, 170-тен астам жобаны қолдағанын еске салды. Бұл инвестициялар экономиканың өсуіне, инфрақұрылымның жаңаруына және халықтың әл-ауқатын арттыруға елеулі үлес қосты.

Тоқаев ел экономикасының негізгі салаларында орнықты дамуды қамтамасыз ететін жаңа ауқымды жобалар қолға алынатынын айтты.

««Азия даму банкі Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуді басым бағыт санайды. Біз тұрғын үй құрылысы, төтенше жағдайларды басқару және басқа да маңызды стратегиялық жобаларды қаржыландыруға дайынбыз», – деді Масато Канда.»

Сондай-ақ, АДБ басшысы Қазақстанның цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізуде көш бастап тұрғанын атап өтті. Ол аса маңызды минералдар секторы мен ірі инвестициялық бастамаларды іске асыруда зор әлеует барын жеткізді.

Президент Қазақстан мен Азия даму банкі арасындағы ұзақмерзімді серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін білдірді.