34 жастағы шорт-тректен Азия чемпионы Абзал Әжіғалиев спорттық мансабын аяқтайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Абзал осы спортқа 10 жасында келген. Ал 17 жасында ұлттық құраманың сапына қабылданған болатын. Осы уақытқа дейін барлық дистанцияда Қазақстан чемпионы атанды. Ел тарихында алғаш рет Әлем кубогының алтын медалін жеңіп алған. Ал 2025 жылы Харбинде эстафета жарысында Азия чемпионы атанған.

"Спорт маған тек жарысуды емес, мінез, тәртіп, төзім және Отан алдындағы жауапкершіліктің не екенін үйретті. Осы жолда мен әр жарыс сайын Қазақстанның абыройын асқақтатуға бар күш-жігерімді салдым. Биыл кәсіби спортшы ретіндегі мансабымды аяқтау туралы шешім қабылдадым. Кез келген спортшының жолында жаңа белеске қадам басар сәті келеді. Осы жылдардың әр сәтіне ризамын", - деп жазды Әжіғалиев әлеуметтік желідегі парақшасында.

Алдағы уақытта Абзал бапкерлікке ауысып, жас спортшыларға бағыт-бағдар беруді жоспарлап отыр. Негізгі мақсаты - келесі буынның бұдан да биік белестерді бағындыруы. Осы орайда спортшы өзіне қолдау көрсеткен отбасына, бапкерлеріне, дәрігерлер және бірге еңбек еткен барша жанға шынайы алғысын жеткізді.

"Қуанышымды да, жеңілісімді де бірге бөліскен әр жанкүйерге рақмет. Сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз маған әрдайым ерекше күш беретін. Алдағы уақытта да командамызды қолдап, шорт-трек спортын ұмытпауларыңызды сұраймын. Ал менің спорттағы миссиям аяқталған жоқ. Тек енді ол жаңа деңгейде жалғасады", - дейді Әжіғалиев.