Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындары аяқталды. Қазақстан құрамасы 84 медаль (12 алтын, 24 күміс және 48 қола) олжалап, 46 елдің ішінде жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға тұрақтады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында Қазақстан 11-орын алған еді. Осылайша, ұлттық құрама алдыңғы Азиадамен салыстырғанда үш сатыға жоғарылап, алтын медаль санын арттырды.
Тарихи жетістіктер
Қазақстан құрамасы биылғы Азия ойындарында бірқатар олимпиадалық спорт түрінен ел тарихында бұрын-соңды болмаған нәтижелерге қол жеткізді. Биылғы Ойындардың басты жетістіктерінің бірі ретінде боксшылардың 12 жылдық үзілістен кейін Азия ойындарының алтын жүлдесін жеңіп алғанын айтуға болады.
Бұған дейін ұлттық құрама Азиада алтынын соңғы рет 2014 жылы жеңіп алған болатын. Кейінгі екі Азия ойындарында қазақстандық боксшылар чемпион атана алмады.
Боксшылардың жеңісі
Жапонияда 70 келіге дейінгі салмақта Төрехан Сабырхан және 90 келіден жоғары салмақта ұлттық құрама капитаны Айбек Оралбай чемпион атанды.
Айбек Оралбай Азия ойындарының алтын медалін жеңіп алды.
Семсерлесуден тарихи алтын
Сапымен семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасы Азиада тарихындағы алғашқы алтын медалін жеңіп алды. Финалда отандастарымыз Корея құрамасын 43:42 есебімен ұтты.
Қарсылас команда сапында жекелей сында Рио-2016 Олимпиадасының чемпионы атанған Пак Сан Ён да өнер көрсетті. Бұл жеңіс қазақстандық семсерлесушілер үшін тарихи жеңістердің заңды жалғасы болды.
Ұлттық құрама әуелі Азия чемпионатында топ жарып, кейін алғаш рет әлем чемпионы атанды, енді Азия ойындарының алтынын иеленді. Бұған дейін бір маусымда мұндай нәтижеге ешбір құрама қол жеткізбеген.
