Мемлекет басшысы Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдады, деп хабарлады Ақорда. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесуде Асламбек Мерғалиев президентке тоғыз айда сот органдары 24,8 мың қылмыстық істі қарағанын айтты.
«Азаматтық істердің саны 28,4%-ға ұлғайып, 605 мыңнан асты. Бұған банкроттыққа, тұрғын үй және жер дауларына қатысты талап-арыздар мен келісімшарттық міндеттемелер бойынша істер санының артуы себеп болып отыр. Сондай-ақ 29,2 мың әкімшілік іс және 319 мың әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қаралды», – деді Мерғалиев.
Ол даулардың жартысына жуығы медиациямен және басқа да балама жолдармен реттелгенін жеткізді. Есепті кезеңде кассациялық сотқа 18 мыңнан астам шағым келіп түскен.
«Оларды қарастыру нәтижесінде апелляциялық сатыда түзетілген сот актілерінің саны екі есе, яғни 934-тен 1704-ке дейін өсті. Сонымен қатар Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, сот жүйесіне абсолютті сенім деңгейі 2023 жылдан бері 55,2 пайыздан 69,7 пайызға дейін өскен», – деп жазылған хабарламада.
Президент сот төрелігі сапасын жақсарту және сот жүйесін жаңғырту шараларын іске асыру қажеттігіне назар аударды.
