Дәрігерлерді кезең-кезеңімен қолдау ауылдық жерлердегі дәрігер тапшылығын 13,8%-ға, ал орта медицина қызметкерлерінің тапшылығын 1%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ауылдарға мамандарды тарту үшін кем дегенде 5 жылға келісімшартқа қол қойған 529 тапшы бейінді дәрігерге 8,5 млн теңге мөлшерінде біржолғы төлем төленді.
"152 стационарда тәулік бойы полиция бекеттері қойылды, ал Астана мен Алматыда жедел жәрдем бригадалары ІІМ Жедел басқару орталығына деректерді бере отырып, дербес бейнежетондармен жарақтандырылды, бұл жанжалдар санын 90%-ға азайтты", - деп жазылған хабарламада.
Бір жылға арналған дәрі-дәрмек сатып алудың жалпы жоспары 584,1 млрд теңге көлемінде бекітілді. Отандық препараттардың 66 атауы бойынша жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде олардың бағасы төмендеп, бюджет 10,3 млрд теңге үнемдеді.
"Қазіргі таңда елімізде 209 қазақстандық тауар өндіруші тіркелген. Оның 43-і дайын дәрілік заттар шығарады. Биылғы бірінші тоқсанда фармацевтикалық өндіріс көлемі 70,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46%-ға артты", - дейді мамандар.
Мемлекет басшысының фармацевтика өнеркәсібін дамыту және 2029 жылға қарай ішкі нарықтағы отандық дәрі-дәрмектердің үлесін 50%-ға жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында үкімет 391,3 млрд теңге көлемінде 6 ірі инвестициялық келісім жасасты. Бұл жобалар аясында 474 жаңа дәрі-дәрмек атауы өндірілмек. Нәтижесінде елдің импортқа тәуелділігі төмендейді.
Қазіргі уақытта E-Densaulyq бірыңғай платформасының 7 негізгі құрамдас бөлігіне бұрын бөлек жұмыс істеген 23 ақпараттық жүйе біріктіріліп жатыр. Сондай-ақ көлемі 1,5 петабайт болатын бірыңғай медициналық деректер қоймасын іске қосу аяқталуға жақын. Бұл жүйеде еліміздегі клиникалардың 95%-ының деректері жинақталады.
