Ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша жоспар 2026 жылы артығымен орындалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, жылдық жоспар 1 млн гектар болған, алайда 1,2 млн гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылды.
«Биыл аумақтық бөлімшелер ауданы 1 млн гектардан асатын жерлерде мыңнан астам жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде жер пайдаланушыларға жалпы аумағы 884 мың гектар жердегі бұзушылықтарды жою туралы 715 нұсқама берілді», — деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар тағы 211 мың гектар жерді мәжбүрлеп алып қоюға қатысты материалдар сот органдарының қарауында жатыр.
Бұл ретте жылдық жоспардың орындалуы бақылау іс-шаралары тоқтатылатынын білдірмейді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жерді пайдалану талаптарының бұзылуын анықтау жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар қайтарылған жерлерді қайта бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2026 жылғы қыркүйек айының басындағы жағдай бойынша қайта бөлінген жер көлемі 13,5 млн гектарға жетті.
Оның 5,5 млн гектары мал жаю үшін жергілікті халықтың ортақ пайдалануына берілсе, 8 млн гектары агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне конкурстық негізде берілді.
