Биыл бұрын пайдаланылмаған 792,5 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін игеру жұмыстары басталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Сонымен қатар пайдаланылмай жатқан тағы 1,3 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Белгілі болғандай, бір жыл бұрын президенттің 13,5 млн гектар ауыл шаруашылығы жерін қайта бөлу жөніндегі тапсырмасы орындалды. Оның ішінде 5,5 млн гектар жер жалпыға ортақ пайдаланылатын жайылым ретінде бекітілсе, 8 млн гектар жер ауыл шаруашылығын жүргізу үшін азаматтар мен басқа да жер пайдаланушыларға конкурстық негізде берілді.
"Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлерді қайта бөлу жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен бірге бірқатар өңірде бұл жерлерді түпкілікті пайдаланушыларға беру қарқыны төмен болып отыр. Атап айтқанда, Атырау облысында бұл көрсеткіш 32,4%-ды, Маңғыстау облысында – 24,6%-ды, Ұлытау облысында – 21,1%-ды құрайды", - деп жазылған хабарламада.
Отырыста тозған жайылымдарды қалпына келтіру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Тиісті шараларды пысықтау үшін жайылымдарды басқарудың бекітілген жоспарлары бар және геоботаникалық зерттеулер жүргізілген үш пилоттық аудан айқындалды.
