Астанада eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасында шұғыл емдеуге жатқызу туралы хабарлама жіберетін жаңа тегін сервис іске қосылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Сервис адам жол апатына түскен немесе басқа да себеппен ауруханаға жатқызылған жағдайда, егер ол өзі туыстарына хабарласа алмаса, жақындарына оның емделуде екендігі туралы хабарлама жіберуді қамтамасыз етеді. Бұл үшін eGov порталында "Емдеуге жатқызылған жағдайда хабарлау үшін сенім білдірілген байланыстарды тіркеу" қызметі қосылды.
Қызмет арқылы хабарлама жіберілетін үш сенімді адамды көрсетуге болады. Қызметті қосу тәртібі: порталға авторизациядан өту; "Емдеуге жатқызылған жағдайда хабарлау үшін сенім білдірілген байланыстарды тіркеу" қызметін таңдау; сенім білдірілген адамның ЖСН-ын көрсету. Порталда көрсетілетін адам 18 жастан асқан және Мобильді азаматтар базасында тіркелген болуға тиіс. Сонымен қатар ол қызметке қосылуға өз келісімін беруі керек.
Министрлік мамандарының айтуынша, сервис жақын адамдардың пациенттің жағдайы туралы ақпаратты неғұрлым жедел алуына және пациентпен немесе медициналық ұйыммен дер кезінде байланысуына мүмкіндік беру мақсатында құрылған.
