Жамбыл облысының соты ауруханада қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әйелге айыппұл салды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Т.Рысқұлов аудандық соты ұсақ бұзақылық жасау фактісі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады. Сот хабарламасында көрсетілгендей, 2026 жылдың тамызында сағат 15:30 шамасында Құлан ауылының орталық аудандық ауруханасында азаматша С. жәбірленушіге дөрекі және балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті, науқастар мен ауруханаға келушілердің тыныштығын бұзған.

Құқық бұзушы кінәні ішінара мойындап, жанжал кезінде дөрекі сөйлегенін, бірақ әдепсіз сөздерді қолданбағанын түсіндірді. Сот кәмелетке толмаған балалардың болуын, материалдық жағдайын және ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескере отырып, айыппұл мөлшерін 30%-ға азайтты.

Сот қаулысымен ол кінәлі деп танылып, 60 мың теңге көлемінде айыппұл тағайындалды. Қаулы заңды күшіне енді.