Қазақстанның басым бөлігінде 15-17 тамыз күндері атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Желдің екпіні күшейіп, бұршақ жаууы мүмкін. 15 тамызда Қостанай облысында, 15-16 тамызда Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында, 16 тамызда Павлодар облысында қатты жаңбыр жаууы ықтимал.
Тек еліміздің батысында және Қызылорда облысында ауа райы жауын-шашынсыз болады, деп хабарлайды синоптиктер. Бұдан бөлек, батыста, солтүстік-батыста, солтүстікте және орталықта түнде және таңертең тұман түседі.
Солтүстікте күн салқындайды
Алдағы демалыс күндері Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында ауа температурасы төмендейді. Түнде +15...+20 градустан +7...+12 градусқа дейін, ал күндіз +20...+30 градустан +15...+20 градусқа дейін салқындайды.
Ақмола және Павлодар облыстарында түнгі ауа температурасы +15...+20 градустан +10...+15 градусқа дейін, күндіз +30...+35 градустан +17...+25 градусқа дейін төмендейді.
Аптап ыстық қайтады
Қазақстанның орталық және шығыс өңірлерінде қатты ыстықтың беті қайтады. Алдағы күндері ауа температурасы +23...+33 градус болады.
Оңтүстікте күндізгі ауа температурасы +38...+44 градустан +30...+37 градусқа дейін төмендейді. Оңтүстік-шығыста да осындай ауа райы болады.
Батыста күндіз ауа температурасы +18...+26 градустан +25...+33 градусқа дейін көтерілсе, Ақтөбе облысында +20...+30 градус жылы болады.
