Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов автокредит бойынша қарыз жүктемесі коэффициентін қайта енгізу мәселесіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қарыз жүктемесі коэффициенті дегеніміз – азаматтың бұрын алған кредитінің жүктемесін жаңа кредит рәсімдеу кезінде ескеретін көрсеткіш. Үш жыл бұрын жаңа көлікті автокредитке рәсімдеу кезінде бұл талап алынып тасталған болатын. Енді оны 2027 жылдан бастап қайта енгізу жоспарланып отыр.
Бұл шешімнің өзіндік себептері бар. "Бізде тұтынушылық кредит 30 пайызға өсті деп айтқан едік. Ал автокредит соңғы үш-төрт жылдың ішінде 60 пайызға өскен. Бұл кредиттің сапасы да нашарлап барады. 5-7 пайызы үшінші деңгейлі проблемалық кредиттерге өтті. Кейбір кредитті банктер балансынан шығара бастағанын да білеміз", – деді Сүлейменов Астанада өткен брифингте.
Осы ретте Ұлттық банк басшысы автокредитке қатысты мысал келтірді. "Мысалы, сіз 10 миллион теңгеге автокредит алдыңыз. Бір жыл төлегеннен кейін жұмыстан шығып қалып, кредитті төлеуге мүмкіндік болмай қалды. Мұндай жағдайда көлікті қалдық бағамен – 5-7 миллион теңгеге алып қоюы мүмкін. Бірақ сіздің мойныңызда әлі де 3-5 миллион теңге кредит қалады. Оны да төлеу керек", – деп атап өтті Сүлейменов.
Оның айтуынша, осындай жағдайлардың алдын алу үшін қарыз жүктемесі коэффициенті сияқты шаралар қолданылады.
