Қазақстанда автокөлік жуу орындарының орталықтандырылған ауыз суды пайдалануы шектеледі. Бұл туралы Үкімет отырысында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Министрдің айтуынша, 2023 жылғы қыркүйектен бері су саласының негізгі капиталына шамамен 1 трлн теңге инвестиция тартылды. «Осы кезеңде 1,4 мың шақырымнан астам канал, 5 су қоймасы және 8 гидротехникалық құрылыс реконструкцияланды», — деді Нұржан Нұржігітов.

Қазіргі уақытта 4,6 мың шақырымнан астам ирригациялық желі жаңғыртылуда. Биыл оның 964 шақырымын аяқтау жоспарланған. Нәтижесінде 200 мың гектарға жуық суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады.

Министр ауыз суды ысырап етуге қарсы шаралар жайында да баяндады. «Заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында автокөлік жуу орындарында технологиялық мақсаттарға орталықтандырылған ауызсуды пайдалануды шектеу бойынша Су кодексіне түзетулер әзірленді», — деді министр.

Еске салайық, кеше президент Қазақстан халқына арнаған жолдауында елімізде су ресурстарының тапшылығын жою үшін жүйелі әрі батыл шаралар қабылдау қажеттігін айтты. «Үкімет пен әкімдіктер суды пайдалануға бақылауды күшейту керек. Түрлі желідегі, сондай-ақ, көлік жуу орындарындағы су шығынын азайтып, ауыз судың жөнсіз пайдаланылуына жол бермеу қажет. Ауыз суды көлік жууға тұтыну – барып тұрған сорақылық. Судың да сұрауы бар», — деді Тоқаев.