FlyArystan Атырау – Батуми бағыты бойынша тікелей әуе рейстерін іске қосты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

FS7229 алғашқы рейсі Батуми халықаралық әуежайында дәстүрлі су аркасымен салтанатты түрде қарсы алынды. "Airbus A320" әуе кемесі Атыраудан сағат 10:40-та ұшып шығып, жергілікті уақыт бойынша 12:00-де Батумиге қонды.

Қайтар рейсі Батумиден сағат 13:00-де ұшып шығып, Атырауға 16:15-те келеді. Ұшу ұзақтығы – шамамен 2 сағат 20 минут, деп мәлімдеді FlyArystan.

Батумиге рейстер биылғы 25 тамызға дейін аптасына бір рет – сейсенбі күндері орындалады. Жаңа бағыт Атырау және Батыс Қазақстанның өзге де қалаларының тұрғындарына Қара теңіз жағалауындағы танымал курорттардың біріне тікелей әрі жайлы жетуге мүмкіндік береді.

Қазақстан мен Грузия арасындағы визасыз режим бұл елге саяхаттауды бұрынғыдан да қолжетімді ете түседі. Билеттерді FlyArystan мобильді қосымшасы, әуе компаниясының ресми сайты және басқа да сату арналары арқылы сатып алуға болады.