Атырау облысында «Потенциал Ойл» ЖШС-не қоршаған ортаны қорғау талаптарын бұзғаны үшін 1,4 миллиард теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл туралы Экология министрлігі мәлімдеді. Тексеру барысында компанияның қоршаған ортаға тиісті бақылау жүргізбегені анықталған.

Экологиялық талаптардың бұзылуы

Атап айтқанда, ағынды суларды бақылау талаптары сақталмаған және міндетті экологиялық есептер тапсырылмаған.

«Сонымен қатар ластаушы заттардың шығарындыларына және жекелеген жұмыс түрлерін орындауға тиісті экологиялық рұқсат болмаған. Белгіленген шығарындылар лимиттері асып кеткен, сондай-ақ өндіріс пен тұтыну қалдықтарын басқару талаптары бұзылған», – деп хабарлады министрлік.

Бұдан бөлек, топырақтың ластанғаны және түбінде шлам жиналғаны анықталды. Қалдықтарды басқару бағдарламасы кәсіпорында іс жүзінде түзілген қалдықтардың көлемі мен түрлеріне сәйкес келмеген.

Сот шешімі

«Тексеру нәтижелері бойынша жалпы сомасы 1,4 миллиард теңгені құрайтын әкімшілік айыппұл салынды. «Потенциал Ойл» ЖШС бұл шараларға сотта шағымданды. Алайда бірінші және апелляциялық соттар компанияның талаптарын қанағаттандырмады. Қазіргі уақытта мемлекетке жалпы сомасы 1,4 миллиард теңгеден асатын әкімшілік айыппұлдар толық өндірілді», – деді Экология министрлігі.