Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов қаладағы екі емхананың құрылысын тексерді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Емханалар «Өркен» және «Нұрсая» ықшам аудандарында салынып жатыр. Әрқайсысы бір ауысымда 250 адамды қабылдай алады.
«Өркендегі» емхананың құрылысы 70 пайызға дайын, ал «Нұрсаяның» емханасы 90 пайызға аяқталды. Мердігердің айтуынша, құрылыс-монтаждау жұмыстары кезінде жерасты суларының деңгейі жақын болып шыққан. Осыған байланысты екі нысанның да құрылыс мерзімі өзгертілген. Оны жалғастыру үшін жобалық шешімдер қайта қаралып, құрылыс алаңдарын құрғатуға арналған технология қолданылды.
Облыс әкімі екі емхананы да биыл қазанның соңына дейін салып бітіруді тапсырды. «Осы уақытқа дейін құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталуы тиіс. Пайдалануға берген бойда пациенттерді қабылдауға кірісу үшін осы бастан тиісті лицензияларды алып, рұқсат құжаттарын рәсімдей беру керек», — деді Ақшолақов.
Айта кетері, емханаларда кеңес-диагностикалық блоктар, зертханалар, күндізгі стационар, профилактика және оңалту бөлімшелері, компьютерлік томография, сәулелі диагностика кабинеттері қарастырылған.
«Өркеннің» емханасы «Балауса» шағынауданы мен Еркінқала ауылының тұрғындарына да қызмет көрсетсе, «Нұрсаядағы» медициналық мекеме «Нұрсая-3», «Самал» ықшам аудандары, «Жерұйық» ауданының бір бөлігі мен соған іргелес аумақтарда тұратын 30 мыңға жуық тұрғынды емдейтін болады.
