Атырау облысы прокуратурасының үйлестіруімен полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы өзге де мүдделі құқық қорғау органдарымен бірлесіп, «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 39 жастағы күдіктіні ұстады. Ол тұрғылықты мекен-жайында атыс қаруын сақтаған және қаладағы түзету мекемесінде дрон арқылы тыйым салынған заттарды жеткізумен айналысқан. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Полиция мәліметінше, тұрғылықты жерін тексеру барысында тіркелмеген 12 калибрлі екі ұңғылы аңшылық мылтық, үш дана дрон, бекіре тұқымдас балықтардың уылдырығы салынған пластикалық ыдыс, 12 калибрлі бір ұңғылы кесілген мылтық және 4 дана оқ-дәрі, сондай-ақ, қағазға оралған, өсімдік тектес, қою жасыл түсті, өзіне тән иісі бар зат анықталып, тәркіленді.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, іс сотқа жолданған. Сот үкімімен сотталушыға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
