Атырау облысы әкімінің тағы бір орынбасары қылмыстық қудалауға ұшырады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Kazinform агенттігіне Тилек Махуовқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады.
Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілерде лауазымды тұлға 100 млн теңге көлемінде пара алуға күдіктелгені туралы ақпарат пайда болды. Таратылған мәліметтер бойынша, ақша Атырау қаласының кәріз жүйелерін күрделі жөндеу жобасына қатысатын компанияның мүддесіне өзгерістер енгізуге жәрдемдескені үшін берілген. Құқық қорғау органдары бұл ақпаратты ресми түрде әлі растаған жоқ.
«Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-тармағына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», — делінген ҰҚК хабарламасында.
Бұл Атырау облысы әкімдігі басшылығындағы соңғы кездегі екінші осындай оқиға. Маусым айында «Курсив» ҰҚК-нің Атырау әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасовқа қатысты тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаған болатын.
«Ақ Жайық» басылымының мәліметінше, осы қылмыстық іс аясында «БУРМОНТАЖGROUP» ЖШС басшысы қамауға алынған. Басылым өз дереккөздеріне сілтеме жасап, заңсыз сыйақының жалпы сомасы 600 млн теңгені құрауы мүмкін екенін хабарлайды.
БАҚ нұсқасы бойынша, ұстауға дейін бірінші бөлігі — 100 млн теңге берілген, содан кейін ҰҚК қызметкерлері ұстау жүргізген.
Алайда құқық қорғау органдары тарапынан бұл ақпараттың ресми растауы әлі түскен жоқ.
