Атырау қаласының №2 соты «Астрахань – Маңғыстау» магистральдық су құбырын реконструкциялау кезінде аса ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша бес адамды кінәлі деп таныды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Айыптау бойынша, схемаға «КазТрансОйл» компаниясының «Магистральдық су құбыры» еншілес кәсіпорнының бұрынғы басшысы, оның орынбасары, мердігер құрылыс ұйымының өкілдері және жобалық фирманың құрылтайшысы қатысқан.
Сот анықтағандай, айыпталушылардың бірі қызметтік жағдайын пайдаланып, мердігерді іс жүзінде бақылай отырып, басқа қатысушылармен бірге су құбырын реконструкциялау жобасын заңсыз түзеткен. Атап айтқанда, құбыр түрі өзгертілген.
Тергеу деректері бойынша, жоба-сметалық құжаттамада материалдардың құны асыра бағаланған, ал іс жүзінде құбырлар айтарлықтай арзан сатып алынған. Осылайша, инфрақұрылымдық жобаға бөлінген қаражат, айыптау бойынша, заңсыз шығарылған.
Сотталушылар кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады. Сот олардың кінәсін куәгерлердің айғақтарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарымен, хат-хабарлармен, сондай-ақ мамандар мен сарапшылардың қорытындыларымен дәлелденді деп есептеді.
Оларға әртүрлі мерзімге басшылық лауазымдарды атқаруға және мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Бас прокуратура «Астрахань – Маңғыстау» су құбырын реконструкциялаудың жалпы құны 17 млрд теңгеден асқанын хабарлаған.
Тергеу аясында фигуранттардың мүлкі тексерілді. Шамамен 1,1 млрд теңгеге активтер анықталды. Бұл мүліктің бір бөлігін сот мемлекет кірісіне тәркіледі.
Сот мемлекетке 6,4 млрд теңге көлеміндегі залалды өтеу туралы талапты қанағаттандырды. 12 млн теңгеге қосымша талап қанағаттандырылмай қалды, себебі залалдың бұл бөлігі дәлелденбеген.
