Атырау облысында жүргізуші оқиға орнында түсірілген бейнежазбаға қатысы жоқ өзге аудиожазбаны қабаттап, шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратқан. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 19 шілдеде Атырау облысы аумағында ірі көлемдегі жүк тиеген автокөліктің жол бойында қараусыз қалдырылғаны анықталған. Оқиға орнына келген патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін уақытша шешіп алған.

Тексеру барысында 38 жастағы жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 594-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, автокөліктің жол учаскесінен қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері тиісті көмек көрсетті.

Полиция департаменті азаматтарды әлеуметтік желіде ақпаратты жарияламас бұрын оның шынайылығына көз жеткізуге шақырды.