Атырауда өтіп бара жатқан адамдар полиция қызметкерінің 19 жастағы жігітті бөлімшеге жеткізуін ұрлау деп түсініп, оған кедергі жасамақ болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Әлеуметтік желіде куәгерлер түсірген видео тарады. Кадрларда белгісіз ер адам қара футболка киген жігітті қара көлікке күшпен отырғызып жатқаны көрінеді.

Telegram-арнасы HALYQSTAN-ның хабарлауынша, оқиға сенбі күні кешке қала орталығындағы алаңда болған. Куәгерлердің айтуынша, жігіт «көмектесіңдер» деп айқайлап, қарсылық көрсеткен.

Атырау облысы полиция департаментінде оқиғаның өз нұсқасын айтты: «ұрлаушы» шын мәнінде полиция қызметкері, ал 19 жастағы азамат ұрлыққа қатысы бар деп күдіктеледі.

«Бұрын күдікті құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, оның Атырау қаласында тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз тұрғаны анықталды. Оны жеткізу кезінде кейбір азаматтар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамай, олардың қызметтік міндеттерін атқаруына кедергі келтірді», — деп хабарлады департаментте.

Ведомство видеожазбада полиция қызметкерлері тарапынан ешқандай бұзушылық көрмегенін де мәлімдеді. Алайда оқиғаға қатысқан әрбір адамның әрекетіне тексеруден кейін баға берілетінін уәде етті.

Полиция тұрғындарды асығыс қорытынды жасамауға және тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды, ал ведомствоның әлеуметтік желілерінде күдіктіге ұқсас белгісіз жігіттің подъезд жанында тұрған велосипедті ұрлап жатқан видео үзіндісі жарияланды.

Бұған дейін «Курсив» Түркістан облысында полицейлердің қыз ұрлау әрекетінің алдын алғанын жазған болатын.