Атырау полициясы 12 жасар оқушы қызға зорлық көрсеткен ер адамды іздестіріп жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қыздың ата-анасы КТК арнасына хабарлағандай, бейтаныс ер адам агрессивті мінез танытып, олардың қызынан алкоголь сатып алуды талап еткен, тіпті оны ернінен сүюге мәжбүрлемек болған.

Анасының айтуынша, ер адам қызды қорқытып, оған айғайлаған. Қыз дүкенге баруға келісіп, сол жерден көмек сұрауды ойлаған. Алайда жолда ер адам оны өзіне тарта бастаған. Оқушы оның шашынан ұстап, босанып шығып, қашып құтылған.

Оқиға шамамен сағат 22:00-де, қыз ойын алаңынан үйіне қайтып келе жатқанда болған. Туыстарының сенімі бойынша, егер ол қашып құтылмағанда, іс жыныстық зорлықпен аяқталуы мүмкін еді. Оқиғадан кейін қыз үйден шығуға қорқады.

Ата-анасы полицияға арызданған және бейнебақылау жазбаларын тапсырған.

«Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта күдіктінің жеке басын анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде», — деп хабарлады Атырау облысы полиция департаментінде.

Бұған дейін «Курсив» Солтүстік Қазақстан облысында 13 жасар қызды зорлады деген күдікке ілінген ер адам туралы жазған болатын. Тергеу нұсқасы бойынша, ауыл тұрғыны құрбанына мотоциклмен серуендеуді ұсынып, оны ауылдан тыс жерге апарып, зорлық жасаған.