Атырауда жұмыс кезінде электр тоғы соғып, аяқ-қолынан айырылған электромонтер сотта жеңіп шықты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Облыстық соттың мәліметінше, оқиға 19 желтоқсанда «Атырау-Жарық» ЖШС-де болған. Электромонтер электр желісінің тірегінде жұмыс істеп жатқанда, оған электр тоғы соққан. Салдарынан ол аяғы мен қолынан айырылған.

Арнайы тергеп-тексеру комиссиясы алдымен жұмыс берушінің кінәсін 80%, жұмысшының кінәсін 20% деп бағалаған. Алайда жұмысшы бұл шешіммен келіспеген.

Сот анықтағандай, жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізу кезінде жұмыс беруші мен жауапты мамандар қауіпсіздік талаптарын бұзған. Диспетчерге бригада жұмыс істейтін учаскеде электр желісін ажырату тапсырылған. Ажыратылғанын растағаннан кейін жұмысшылар жұмысқа кіріскен. Бірақ диспетчер осы учаскеде жөндеу жұмыстары жүргізілетінін біле тұра, немқұрайлылықпен бригаданы ұмытып кеткен. Ол электр желісінің жұмысқа жарамдылығын тексеру үшін желіні қосқан. Салдарынан тіректе тұрған жұмысшыға ток соққан.

Комиссия жазатайым оқиға жәбірленушінің қауіпсіздік ережесін өрескел бұзуынан болды деп шешім шығарған. Алайда сот нәтижесінде «Жұмыс берушінің кінәсі – 100%, жұмысшының кінәсі – 0%» деп танылды.