Атырау облысының әкімдігі тұрғындардың ластанған ауаға қатысты жаппай шағымына жауап берді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Соңғы күндері Атырау тұрғындары ауа сапасының нашарлауына және жағымсыз иіске шағымданып келеді. Осыған байланысты облыс әкімі Болат Ақшолақов түнде ауа сапасын өлшеуді тапсырды.
Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары хабарлағандай, мониторинг сағат 22:00 мен 07:00 аралығында жүргізілген. Нәтижесінде қаланың бірқатар ауданында ластаушы заттар, соның ішінде күкіртсутек пен көміртек оксидінің көрсеткіші шекті рұқсат етілген концентрациядан жоғары екені тіркелген.
Сонымен қатар өңір басшысы Атырау ауасының ластануына жол берген кәсіпорындарды тексеруді тапсырды. «Қалыптасқан экологиялық жағдай күрделі және мұндайға жол беруге болмайды. Экологиялық проблемаларды шешу мәселені мойындауды, жағдайды объективті бағалауды және барлық мүдделі тараптың бірігіп жұмыс істеуін талап етеді», — деді Болат Ақшолақов.
Қаңтар айында да өңір тұрғындары ауа сапасының нашарлығына шағымданған. Сол кезде сарапшылар күкіртсутек деңгейі нормадан 36 еседен астам асып кеткенін анықтады.
