Атырау қаласында өз қатарласынан 2,5 миллион теңге талап еткен ер адам ұсталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасына 35 жастағы тұрғыннан арыз түскен. Арыз иесінің айтуынша, 1991 жылы туған Индер ауданының тұрғыны одан 2 миллион 500 мың теңге бопсалаған.

Күдікті "Самал-Атырау" тұрғын үй кешені маңында ұсталды. Тінту барысында одан 2 миллион 200 мың теңге тәркіленді. Ұстау операциясының видеосы әлеуметтік желіде жарияланды.

Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 194-бабы ("Қорқытып алу") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Айта кетері, аталған қылмыс үшін 4 мың АЕК-ке (17,3 миллион теңгеге) дейін айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, 1 мың сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға жегу, сондай-ақ төрт жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар сот шешімімен кінәлі адамның мүлкі тәркіленуі мүмкін.