Атырау облысы Жылыой ауданының Сарықасқа және Желтау аумақтарында мыңдаған ұсақ мал қырылып қалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 2-3 маусым аралығында ауа райының қолайсыздығы салдарынан болған. Облыстық әкімдік мәліметінше, оқиғаның себептерін анықтау және оның ауқымын бағалау үшін ауданның ветеринарлық қызметінің мамандары барған.
Зерттеу нәтижелері бойынша Қошағыл ауылдық округінің, Құлсары қаласы мен Майкөмген ауылдық округінің шаруашылықтарында 1238 бас қой мен ешкі қырылғаны белгілі болды. Алдын-ала себебі - ұзақ уақыт жаңбырда қалғаннан мал үсіп қалған.
Қосымша факторлар - жазғы жайылымдарда қора-қопсының болмауы және жануарлар балшыққа батқан. Қырылған жануарларды утилизациялау жұмыстары толығымен жүргізілді.
