Атырау облысында тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартты: Томан ауылы «Ішімдіксіз ауыл» бастамасына қосылған 57-ші елді мекен атанды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Исатай ауданына қарасты Томан ауылы алкоголь өнімдерінен бас тарту туралы ортақ шешім қабылдап, өңір бойынша «Ішімдіксіз ауыл» қатарына қосылған 57-ші елді мекен атанды.

«Томан ауылы – берекесі мен бірлігі жарасқан елді мекендердің бірі. Соңғы бес жылда ауыл аумағында бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бұл – тұрғындардың құқықтық мәдениетінің жоғары екенін, өзара сыйластық пен жауапкершіліктің қалыптасқанын көрсетеді», - дейді атыраулық полиция.

Ауыл халқының басым бөлігі теміржол саласында еңбек етеді. Сонымен қатар елді мекенде мектеп, балабақша және мәдениет үйі тұрақты жұмыс істеп, тұрғындардың әлеуметтік және мәдени өміріне өз үлесін қосып келеді.

Ауыл тұрғындарының әсіресе учаскелік полиция инспекторы Ербол Ұзақбаевқа алғысы зор. Айтуларынша, полиция қызметкері халықпен етене араласып, олардың өтініштері мен мәселелеріне жедел назар аударады.