Атырау облысы Индер ауданында Жайық өзеніне батып кеткен 13 жастағы жасөспірімді іздестіру жұмыстары екінші күнге жалғасып жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жасөспірім ағасымен бірге шомылуға барып, суға батып кеткен. Оқиға 5 шілде күні Есбол ауылында болған.
Атырау облысының төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, іздеу жұмыстарына жеке құрамның 13 адамы, 3 бірлік техника және 3 жүзу құралы жұмылдырылған. Жасөспірім сағат 15:30-да тыйым салынған жерде шомылған.
Құтқарушылар "Наутилус-50" мобильді іздеу кешенін пайдалана отырып, шамамен 1200 шаршы метр су айдынының түбіне зерттеу жүргізді. Сондай-ақ 15 сүңгуір жұмыстары жүргізіліп, шамамен 1700 шаршы метр аумақ тралинг әдісімен зерттелді.
