Атырау облысы Мақат ауданында Отбасы күніне орай ауданның орталық стадионында «100 әже – 100 бесік жыры» атты тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Іс-шараны Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. Ерекше жиында аудан әкімінің орынбасары Әсел Қаржауова тұрғындарды Отбасы күнімен құттықтап, ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрді сақтау баршаға ортақ міндет екенін атап өтті.

«Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты – бесік жырының тәрбиелік мәнін насихаттап, ұлттық құндылықтарымызды жас ұрпаққа жеткізу. Жүз әженің бір мезетте бесік жырын орындауы – ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі. Осындай тағылымды іс-шаралар арқылы отбасындағы әже тәрбиесінің рөлін арттырып, салт-дәстүрімізді дәріптеуді көздейміз», – деді Әсел Қаржауова.

Жиында халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен тәлім-тәрбиесін дәріптейтін көрініс ұсынылды. Сондай-ақ ақ жаулықты әжелер немерелерін бесікке бөлеп, бір мезетте бесік жырын орындады.

Іс-шараға қатысушы әжелер бұл ұлттық құндылықтарды насихаттап, отбасы бірлігі мен әже тәрбиесінің жас ұрпақ өміріндегі маңызын көрсеткенін жеткізді.