Атырау мұнай өңдеу зауытының (АМӨЗ) баспасөз қызметі санитарлық-қорғау аймағының шекарасына кіретін үйлердің тұрғындары көшірілетінін хабарлады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Атырау қаласының әкімдігі тұрғындарды көшіру мәселелері бойынша ведомствоаралық жұмыс комиссиясын құрды. Оның құрамына жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, АМӨЗ өкілдері және зауыт маңындағы үйлердің тұрғындары кірді.

«Атырау қаласының әкімдігі "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-пен бірлесіп, санитарлық-қорғау аймағының шекарасында орналасқан жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың тізімін нақтылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жылжымайтын мүлік нысандарын алып қою мәселелерін кейіннен шешу үшін қажет. Ведомствоаралық жұмыс комиссиясы тұрғындардың өтініштерін қарайды, жеке консультациялар өткізеді, көшіру және өтемақы төлеу тәртібін түсіндіреді, сондай-ақ меншік иелерін тұрғын үйлерді бағалау нәтижелерімен таныстырады», – делінген хабарламада.

Қараша айының ортасында АМӨЗ-ге іргелес аудандардың тұрғындарымен кездесулер өткізу жоспарланып отыр. Кездесу барысында жұмыс комиссиясының өкілдері атқарылған жұмыстардың нәтижелерін түсіндіріп, тұрғындардың сұрақтарына жауап береді.

АМӨЗ мәліметінше, жер учаскелері мен тұрғын үйлердің түпкілікті тізімі, олардың құқықтық мәртебесі және құқық иелері туралы мәліметтер тиісті жұмыстар аяқталған сайын нақтыланады.