«Атырау» футбол клубы бас бапкері Владимир Чебурин қызметінен өзара келісім бойынша кетті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстандық маман командамен бес ай жұмыс істеді. Клуб баспасөз қызметінің мәліметінше, тараптар келісімшартты өзара келісіммен тоқтатқан.

«Біздің клуб Владимир Николаевичке атқарған жұмысы, кәсібилігі және команданың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді. Бірге өткізген уақыт, жеңістер мен қиын сәттер клуб тарихының бір бөлігі болып қалады», – делінген «Атырау» клубының ресми мәлімдемесінде.

Чебуриннің «Атыраудағы» көрсеткіштері

Владимир Чебурин «Атырауды» 2026 жылдың 6 наурызында басқарды. Оның жетекшілігімен команда 20 ресми матч өткізді: төрт жеңіс, он тең ойын және алты жеңіліс.

Қазақстан Премьер-лигасында «Атырау» Чебуриннің басшылығымен 19 матч өткізіп, үш жеңіске жетті, он рет тең ойнады және алты рет жеңілді. Команда 18 ұпай жинады. Қазақстан Кубогында маманның басшылығымен өткен жалғыз кездесуде «Атырау» «Жас Қыранды» 4:0 есебімен жеңді.

Жаңа бапкер – Самат Смақов

AmanVIBE деректеріне сәйкес, команданың жаңа бас бапкері Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны Самат Смақов болады. 47 жастағы маман жақын арада келісімшартқа қол қою үшін Атырауға келуі тиіс.

Бұған дейін Смақов «Жетісу» және «Елімай» клубтарында бас бапкер болып жұмыс істеген. Оның тағайындалуы туралы ақпарат клуб тарапынан әзірге ресми расталған жоқ.