Атырау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Тлек Махуов уақытша ұстау изоляторына қамалды, ол пара алу күдігіне ілінді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, тергеу амалдары 5 шілдеге қараған түні жүргізілді. Істе 100 млн теңге сомасы көрсетілген.
Тергеу Атыраудағы кәріз коллекторларын күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген «Сапа Құрылыс 2007» ЖШС мердігерлік ұйымына қатысты. Halyqstan деректері бойынша, бұл компания қалалық кәріз жүйесін жаңғырту бойынша ірі мердігерлердің бірі болып табылады.
«Сапа Құрылыс 2007» ЖШС жалпы ұзындығы шамамен 25 км болатын кәріз коллекторларын санациялаудың бірінші және екінші кезеңдерін өткізу конкурсын жеңіп алды. Жұмыстар қалалық желілердің 21 учаскесін қамтыды.
Алдын ала ақпарат бойынша, Махуов «Атырау қаласының кәріз желілерін күрделі жөндеу» жобасын түзетуге мүдделі компаниядан 100 млн теңге алды деген күдікке ілінді. Ақша, болжам бойынша, сол нысанда қосалқы мердігерлік жұмыстарды орындаған делдал арқылы берілуі мүмкін.
Бұған дейін 49 жастағы Махуов Атырау қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған, одан бұрын қалалық құрылыс басқармасын басқарған.
Хабарланғандай, қылмыстық істе «Сапа Құрылыс 2007» ЖШС басшылығы да фигурант бола алады. Тергеуді, алдын ала мәліметтер бойынша, Атырау облысы бойынша ҰҚК департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі облыс прокуратурасымен бірлесіп жүргізуде.
Бұған дейін «Курсив» Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Жақсылық Омар алаяқтық ісі бойынша алты жыл бас бостандығынан айырылғанын жазған болатын. ҰҚК деректері бойынша, тергеу шенеуніктің ведомстволық ұйымдар қызметкерлерінен жүйелі түрде ақша бопсалағанын, қызметте жоғарылатуды уәде етіп, бас тартқан жағдайда жұмыстан шығару немесе лауазымын төмендетумен қорқытқанын анықтады.
