Атырауда 14 пен 65 жас аралығындағы 150-ден астам әуесқой велоспортшы қатысқан "Tour de Saraishyq-2026" велошеруі өтті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Велошабандоздар спорттық шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен арнайы барған. Олар шеруді Сұлтан Бейбарыс алаңынан бастап, Махамбет ауданындағы Сарайшық қалашығында мәре сызығын кесті.

Велобәйгеге облыс әкімі Болат Ақшолақов та қатысып, жолдардың жағдайын тексерді. Әкім іс-шара барысында жолдардың сапасына куә болғанын айтты.

Велошерудің басты мақсаты — шақырымдарды еңсеру ғана емес, Сарайшықтың тарихи мұрасына назар аударту, белсенді демалыс пен салауатты өмір салтын насихаттау, дейді жарыс жолына шыққандардың бірі — Антон Яцук.

"Бәрі жақсы ұйымдастырылған, керемет әсер алдым. Өзім Ресейденмін, бірақ көптен Атырауда тұрамын. Осындай іс-шаралар жиі өтіп тұрса, жақсы болар еді", — деді Антон Яцук.

Велошеру тек спорттық жарыспен шектелмей, ортағасырлық Сарайшыққа жасалған саяхатпен айрықшаланды. Қатысушылар қашықтықты бағындырған соң "Сарайшық" сапар орталығына барып, ежелгі қаланың тарихы мен мәдениетімен тереңірек танысуға мүмкіндік алды.