Қазақстандық еркін күрес балуаны Асыл Айтакын Астанада өткен әлем чемпионатын медальсыз аяқтады. 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлде үшін күресте ол америкалық Маркус Блейзге 2:4 есебімен жол беріп, қорытынды бесінші орынды иеленді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Айтакын өз елінде өткен әлем чемпионатын қырғызстандық Өмірбек Асан уулуға қарсы 4:0 есебімен жеңіспен бастады. Содан кейін қазақстандық әзірбайжандық Нуреддин Новрузовты 5:4 есебімен ұтып, кездесу аяқталуға санаулы секунд қалғанда нәтижелі әрекетімен жеңісті жұлып алды.

Ширек финалда Айтакын неміс Хорст Лерді мерзімінен бұрын 10:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға шықты. Алайда финалға шығу жолындағы күресте қазақстандық ирандық Ахмад Масул Джаванға 1:3 есебімен жол беріп, қола жүлде үшін күресу құқығын алды.

Ертең, 1 қарашада әлем біріншілігінің алтын жүлдесін Нұрқожа Қайпанов таластырады.

Грек-рим күресінде Қазақстан құрамасы үш қола жүлдемен бейресми медаль есебінде 12-орынды иеленді. Оларды Исхар Курбаев (55 кг), Айдос Сұлтанғали (60 кг) және Бағдат Сабаз (67 кг) жеңіп алды.

Әйелдер күресінде турнирде Қазақстанның жалғыз медалін Зейнеп Баянова еншіледі. 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ол қола жүлдегер атанды. Бұған дейін Нилуфар Раимова, Жамиля Бакбергенова және Алтын Шагаева да үшінші орын үшін күреске шыққан, бірақ қарсыластарына жол берген.

Күрестен әлем чемпионаты Астанада «Барыс Аренада» 24 қазаннан 1 қарашаға дейін шамамен 100 елден келген 900-ге жуық спортшының қатысуымен өтуде. Қазақстан ересектер арасындағы әлем біріншілігін 2019 жылдан бері алғаш рет қабылдап отыр. Біздің құрама 30 спортшыдан тұратын толық құраммен өкілдік етуде.