Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцина салу тәртібін түсіндірді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазіргі уақытта АҚШ-та өндірілген төртвалентті "Гардасил" вакцинасы қолданылады. Препарат алты ай аралықпен екі рет салынады. Бүгінде адам папилломасы вирусына қарсы вакцинаның алғашқы дозасын 11-13 жас аралығындағы 17 567 қыз, ал екінші дозасын 10 652 қыз алған. 18 мамырдан бастап 14-18 жас аралығындағы қыздарды жоспарлы вакцинациялау науқаны басталған.
Вакцина бедеулікке әкелмейді
"Адам папилломасы вирусына қарсы вакцина бедеулікке әкелмейді. Керісінше, оның негізгі мақсаты – репродуктивтік ағзаларды онкологиялық аурулардан қорғау", – деді Шағалтаева.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының зерттеулері мен ресми статистикаға сәйкес, 2013-2015 жылдары жүргізілген пилоттық вакцинация бағдарламасы аясында екпе алған 131 әйелдің кейінгі он жыл ішінде дені сау бір немесе екі баласы дүниеге келген.
Вакцинацияның мақсаты
Вакцинацияның негізгі мақсаты – әйелдер арасында жиі кездесетін жатыр мойны обырының алдын алу. Вакцина адам папилломасы вирусының 6, 11, 16 және 18 типтерінен, оның ішінде онкогендік қаупі жоғары 16 және 18 типтерінен қорғайды.
Вакцина құрамында тірі вирус жоқ, сондықтан инфекция жұқтыруға себеп болмайды. Екпеден кейін вакцина салынған жерде қызару немесе дене қызуының аздап көтерілуі сияқты қысқа мерзімді реакциялар болуы мүмкін. Бұл – қалыпты әрі қауіпсіз құбылыстар.
Жаңа вакцина және жоспарлар
Қазіргі уақытта адам папилломасы вирусының онкогендік және онкогендік емес тоғыз түрінен (6, 11, 16, 18, 31, 33, 45, 52 және 58) қорғайтын тоғызвалентті "Гардасил 9" вакцинасын сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта АПВ-ға қарсы вакцинация бағдарламасына ұл балаларды да енгізу жоспарланып отыр.
