Астаналық оқушы Сингапурда өткен халықаралық математика олимпиадасында абсолютті чемпион атанды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сингапур қаласында 17-22 маусым аралығында "StemCo Global Finals Maths 2026/SGFM 2026" халықаралық олимпиадасының финалы өтті. Байқауға әлемнің әр түкпірінен ұлттық онлайн іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары алтын, күміс және қола жүлдегерлері қатысты.

"Smart Technological School" мектебінің 5-сынып оқушысы Әлімжан Көпеев абсолютті чемпион атанып, I орын және алтын медаль иеленді. Ал мектептің тағы бір оқушысы Әлихан Мұрат III орынға ие болып, қола медальмен марапатталды.

Олимпиада тапсырмалары Сингапурдың озық математикалық білім беру бағдарламасына негізделді. Қатысушылардың тек математикалық формулаларды білуі ғана емес, күрделі контекстік есептерді талдауы, логикалық ойлауы және алған білімін практикалық жағдайда қолдана білу қабілеті сыналды.